ҚАЛА ӘКІМІ С.ЕРТАЙДЫҢ ЕСЕПТІ БАЯНДАМАСЫ

 

 


АРЫС ҚАЛАСЫ ӘКІМДІГІНІҢ 2015 ЖЫЛДЫҢ ҚОРЫТЫНДЫСЫ БОЙЫНША АТҚАРҒАН ЖҰМЫСТАРЫ ТУРАЛЫ ҚАЛА ӘКІМІ С.ЕРТАЙДЫҢ ЕСЕПТІ БАЯНДАМАСЫ

Саламатсыздарма,

құрметті  жиынға  қатысушылар!

2015 жыл еліміздің қоғамдық-саяси және рухани-әлеуметтік өмірінде талай дүбірлі оқиғаларымен, ел есінде қаларлық ауқымды іс-шараларымен артта қалды. Олардың ішінде, мемлекет басшысын сайлау, Қазақ хандығының 550 жылдығы, еліміздің Конституциясы мен Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20 жылдығы секілді айтулы оқиғаларды айтуға болады. 

Үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан «5 институттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам» - Ұлт Жоспарын орындаудың практикалық кезеңі басталып отыр.  Шын мәнінде, бізге тарихымызда бұрын соңды болмаған ауқымдағы ұлттық заңнамаға өзгерістерді бағамдаудың маңызы зор екені белгілі. Оның үстіне, бізді қазақстандық арманымыз – осы ғасырдың ортасына қарай әлемдегі аса дамыған 30 елдің қатарына қосылуды қамтамасыз ететін болады.

Біздің алдымызда тұрған басты мақсат – тәуелсіздік алған жылдан бері қол жеткізген игіліктерді одан әрі ұлғайтып, келешек ұрпақтың өмір сүруіне қолайлы жағдай тудыру.

«Өңірлерді дамытудың 2020 жылдарға дейінгі бағдарламасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 28 маусымдағы №728 қаулысына сәйкес, Арыс қаласы елімізде шағын қалалардың құрамына еніп, «2016-2020 жылдарға арналған Арыс қаласының кешенді даму жоспары» әзірленіп, облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілді.

Еліміздің жемісті жетістіктері мен нәтижелі табыстарына қол жеткізуде облыс жұртшылығы мен өңір басшысы Бейбіт Бәкірұлының өзіндік үлесін қосып отырғаны белгілі. Елбасының алдымызға қойған міндеттері  мен облыс әкімінің тапсырмалары жүйелі түрде орындалып, іске асырылуда. 

Қаржы саласы

Нақтыланған жалпы бюджет көлемі 9.101 млн. теңгені құрап, бекітілген бюджеттен 1.826 млн. теңгеге артты немесе өсім 25% құрады.

Өткен жылы жалпы кірістердің жоспары 9.071 млн. теңге болса, нақты түскені 9.481 млн. теңге немесе 104,5% орындалды, оның ішінде жергілікті  кірістердің жоспары 2.571 млн. теңге болса, нақты 2.981 млн. теңге болып, жоспар 116,0% орындалды немесе 410 млн. теңге жоспардан артық түсті. 2014 жылмен салыстырғанда 1.749 млн. теңгеге немесе 2,4 есеге артқан.

Өнеркәсіп саласы

2015 жылы 7.743 млн. теңгенің өнеркәсіп өнімдері өндіріліп, 2014 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 104,7% құрады.

Кәсіпкерлік саласы

2015 жылы тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 3414 бірлікке жетті.

2015 жылы шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өндірілген өнім көлемі 18.887 млн. теңгеге жетіп, 2014 жылмен салыстырғанда 104,2% құрады немесе 761 млн. теңгеге артық өнім алынды.

Қаржы ұйымдары арқылы  2015 жылы 1827 бірлік бизнес субьектілеріне және жеке тұлғаларға барлығы 1.254 млн. теңге көлемінде несие берілді.

Индустрияландыру картасы аясында аймақтық үйлестіру кеңесінде үш жоба мақұлданды:

Құны 164,0 млн. теңгені құрайтын «ЖК Б.Сарбасов» жаңа ұн диірмені кешенін ашу жобасы.

Жобалық құны 100,0 млн. теңгені құрайтын «ЭСЕД» ӨК-і ет өнімдерін өндіру цехының  жобасы.

Жобалық құны 200,0 млн. теңгені құрайтын «MEGA-AGAT-АГРО» ЖШС-нің сүт өнімдерін өндіретін зауыты.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 7 жобаға қолдау көрсету жоспарланса, нақты бағдарлама аясында 10 жобаға қолдау көрсетілді.

Туризм саласы

Қалада 11 археологиялық ескерткіштермен 5 монумент, 5 тарихи-мәдени зиярат ету орындары орналасқан. Емдік-сауықтыру және зиярат ету туризімін дамыту мақсатында қаланың туристік анықтама әзірленді.

Қожатоғай ауылында 38 археологиялық-этнографиялық ескерткіштер табылып, жергілікті дәрежедегі ескерткіштер санатына енгізілуде.

Ауыл шаруашылығы және жер қатынастары саласы

Есепті кезеңде 9.906 млн. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліп, 2014 жылмен салыстырғанда нақты көлем индексі 105,5% құрады.

Мал басы және одан алынатын мал өнімдері 2014 жылмен салыстырғанда барлық түрінен артты.

2014 жылы 20,1 мың га жерге егіс егіліп, 12,0 мың га суармалы жер игерілсе, 2015 жылы 22,6 мың га жерге егіс егіліп, 14,3 мың га суармалы жерлер игеріліп, жалпы егіс көлемі 2,5 мың га-ға, суармалы жерлер 2,3 мың га-ға артты.

Тамшылатып суғару әдісімен ағымдағы жылы 939 га жерге егіс егілді.

Ақдала, Дермене, Қожатоғай ауылдарында су жүйелерін механикалық тазалауға облыстық бюджеттен 100,0 млн. теңгеге барлығы 36,1 шақырым каналдар тармақтарымен тазаланып, 25 дана тағандарымен тоспалары орнатылды.

«Сыбаға» бағдарламасы бойынша 1200 бас ірі қара мал алыну керек болса, нақты 1703 бас алынды, немесе  142%  орындалды.

«Алтын асық» бағдарламасы бойынша қалаға 900 бас алу межесі берілсе, нақты алынғаны 1962 бас, немесе 218,0% орындалды.

«Құлан» бағдарламасы бойынша межеленген 160 бас жылқы (асыл тұқымды) алыну керек болса, 165 бас алынды, немесе 103,0% орындалды.

Ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге түгендеу жұмыстары жүргізіліп, анықталғаны 28402 га оның ішінде суармалысы 1257 га, тәлімі егістік 3397,0 га, жайылым 23471 га. Осы пайдаланбай жатқан жер иелерінің тізімдері жинақталып жерді қайтару мақсатында сотқа талап арыздар берілді. 

Қалада 2014-2016 жылдары мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы аясында ірі қара мал бордақылау алаңдарын ашу, шағын жанұялық сүт, құс фермаларын және сүт қабылдау бекетін құру тапсырмалары толық және артығымен орындалды.

Тапсырма атауы

Жоспар

Орындалуы

%

1

Шағын құс фермаларын құру

1

2

200,0

2

Шағын жанұялық сүт фермаларын құру

27

31

115,0

3

Ірі қара мал бордақылау алаңдарын ашу

124

136

110,0

4

Сүт қабылдау бекетін құру

2

2

100,0

Табиғатты пайдалану және қорғау саласы

«Жасыл аймақ» іс-шарасы бойынша 117,6 мың түп көшет егілді.          

Құрылыс саласы

Құрылыс жұмыстарының көлемі 5.048 млн. теңгені құрап, нақты көлем индексі 100,7% орындалды.

2015 жылы 493,5 млн. теңгеге 19576 шаршы метр тұрғын үй іске қосылып 2014 жылмен салыстырғанда 142,0 % құрады.

9 кәсіпкерлік нысандар құрылысы жүргізіліп, пайдалануға қабылданды. 2015 жылы жалпы 53 нысанға сәулет-жоспарлау тапсырмасы жасалынды.

Тұрғындар саны 5000 адамға дейінгі елді мекендердің бас жоспарының оңтайландырылған нұсқасын дайындаудың кестесіне сәйкес, 6 елді мекеннің (П.Арапов, Орманды, Бақырша, 40-разъезд, 42-разъезд, Тоғансай) бас жоспарының оңтайландырылған нұсқалары дайындалып, қалаға қарасты барлық елді мекендер бас жоспарының оңтайландырылған нұсқаларымен 100% қамтылды.

Аққала елді мекеніндегі 200 оқушыға арналған мектеп құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Қалалық мәдениет үйі ғимараты қайта жаңғыртудан өтті.

Дене шынықтыру – сауықтыру кешенінің құрылысы толық аяқталып,    794 бала жүйелі түрде спортпен шұғылдануда.

«Көктем-2» тұрғын ауданындағы көпқабатты 60, 90 пәтерлі тұрғын үйлердің құрылысы жүргізіліп, 150 отбасы пәтерлермен қамтылды.

Мемлекеттік жеке меншік әріптестікті нығайту мақсатында инвесторлармен жемісті жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде Монтайтас елді мекенінен 150 орындық,  қалада 240 орындық бала бақша құрылысы аяқталып, балалармен қамтылуда.

Арыс қаласы әкімдігіне қарасты «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығы ғимаратының» құрылысы аяқталып, қала кәсіпкерлеріне сапалы қызмет көрсетуде.

Шағыр, Шөгірлі, Қабылсай, Қаражантақ ауылдарында төрт орта мектептің, Дермене ауылында бір бала бақшаның және қалада дендросаябақтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Коммуналдық шаруашылық және көлік саласы

Қаладағы орталық жылу қазандығының күрделі жөндеу жұмыстары аяқталып, қаладағы көпқабатты тұрғын үйлер сапалы жылумен қамтамасыз етілді.

«Көктем-2» тұрғын ауданындағы жылу қазандықтың құрылысы жүргізіліп, 2 көпқабатты тұрғын үйдегі 150 отбасы сапалы жылумен қамтылуда.

«Көктем - 2» тұрғын ауданында канализациялық насос стансасының және канализация жүйесінің құрылысы жүргізіліп, 1 мектеп 1 бала бақша мен 2 көпқабатты тұрғын үйлер қамтамасыз етілді.

Қалаға жақын елді мекендерді сумен қамтамасыз ету жүйесінің 2014- 2015 жылдарға арналған, қайта құру және жаңарту нысандарының құрылысы жүргізілді.

Жөндеуді қажет ететін ауыз су, кәріз және жылу жүйелеріне барлығы қалалық бюджеттен 58,0 млн. теңге қаржы бөлініп, толық ағымдағы жөндеуден өткізілді.

Қала көшелерінің санитарлық тазалығын қамтамасыз ету, абаттандыру және көгалдандыру жұмыстары жалғасын тапты.

Қаладағы 4 саяббақтар, скверлер мен аллеяларға, Жастар саябағына, Батырлар аллеясына, Орталық саябаққа және Жеңіс скверіне абаттандыру жұмыстары жүргізілді.

Дермене, Монтайтас, Сырдария, Жиделі және Байырқұм елді мекендеріндегі саябақтарды қоршау жұмыстары жүргізілді.

2015 жылы жалпы қаланың 20 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пайдалануға берілді.

Соның ішінде, қаланың ішіндегі орталық 5 көшесіне: Т.Тәжібаев, Ергөбек, Майлықожа, Әл-Фараби және Ақынбеков көшелеріне аяқжолдар төселіп, суағар науалар орнатылды, көшелер мен аяқжолдар жарықтандырылды.

Стадион тұрғын ауданындағы Қабылсай жырасынан өтетін жаяу жүргіншілер көпірінің құрылысына қалалық бюджет есебінен қаржы қаралып, құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Білім беру саласы

2015 жылы ұлттық бірыңғай тесттің орташа көрсеткіші 80,5 балды құрап, 2014 жылмен салыстырғанда 2,9 балға артты.

10 білім беру нысандарын (9 мектеп, 1 бала бақша) күрделі жөндеуге республикалық, облыстық және қалалық бюджеттерден барлығы 918,3 млн. теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.

Т.Тәжібаев атындағы №1 балалар үйіне облыстық бюджеттен 81,0 млн. теңге қаржы бөлініп, күрделі жөндеуден өткізілді.

Білім беру мекемелерінің оқу материалдық базасын жаңғырту мақсатында бюджеттен 21,0 млн. теңге бөлініп, лингафондық-мультимедия кабинеті, қазандықтар, жиһаз және өзге құрал-жабдықтар алынды.

Білім мекемелеріндегі 3, 4, 5, 6, 7 және 11-сынып оқушыларын толық оқулықтарымен қамту үшін жергілікті бюджеттен 74,4 млн. теңге бөлініп,  100% қамтамасыз етілді.

Балаларды бала бақшамен қамту 80,2% құрап, өткен жылмен салыстырғанда 3,6% артқан.

Білім мекемелеріне 100% интернет желісі және бейнебақылау камералары орнатылған.

Денсаулық сақтау саласы

Қала бойынша есепті кезеңде 2001 сәби дүниеге келіп, табиғи өсім 30,6% құрады.

Ақдала ауылында дәрігерлік амбулаториясына күрделі жөндеу жұмыстарына облыстық бюджеттен 51,2 млн. теңге қаржы бөлініп, жұмыстар толық аяқталды.

Қалалық түберкулезге қарсы диспансердің сыртқы қоршауы жүргізіліп, толық аяқталды.

Саналы және Шағыр елді мекенде фельдшерлік амбулаториялық пункттің құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптамадан өткізілді.

Мәдениет және спорт салалары

Қалада мәдениет және спорт салаларында белгіленген тақырыптық және бекітілген кестеге сәйкес іс-шаралар өткізілуде.

Байырқұм ауылдық клубы күрделі жөндеуден өткізілді.

Әлеуметтік қамсыздандыру саласы

2015 жылы жұмыспен қамту шараларына 2240 адам қамтылды, оның   жұмыссыздары 1225 адам және өздігінше жұмыспен қамтылғандары 1015 адам.

Тұрақты жұмысқа 1299 адам және 535 адам қоғамдық жұмыс орындарына жолданды.

«Жұмыспен қамту 2020 жол картасы» бағдарламасы бойынша:

1-ші бағыты: Мектеп ғимаратының күрделі жөндеу жұмыстарында 85 жұмыс орындары ашылып, оның 43 жергілікті жұмыссыз азаматтар жұмыспен қамтылды.

2-ші бағыты: "Ауылда кәсіпкерлікті дамыту" бойынша жұмыссыз 20 азамат  өз ісін ашуға төмен пайызды шағын несиемен қамтылды.

Игерілген қаржы көлемі 43,4 млн. теңге. Өз ісін ашқан жеке кәсіпкерлердегі ашылған жаңа жұмыс орындарына 20 адам тұрақты жұмыспен қамтылды.

3-ші бағыты:      

Әлеуметтік жұмыс орындарына нысаналы топтағы 46 адам жұмыспен қамтылды.

Жастар практикасына жұмыссыз 56 жас маманды жұмыспен қамтылды.

Кәсіби оқу бойынша 2012-2014 жылдары оқуға түсіп 2015 жылы оқуын аяқтаған 79 азаматтың барлығы жұмыспен қамтылды.

«Өрлеу» пилоттық жобасына 38 отбасы қатысып, оларға жергілікті бюджеттен 6,5 млн. теңге шартты ақшалай көмек төленді.

Қоғамдық қауіпсіздік және саяси ахуал

Қалада қоғамдық саяси ахуал тұрақты.

Өткен жылы 513 қылмыс тіркелді. Ауыр және аса ауыр қылмыстардың ашылуы 2014 жылы 91,4% құраса, 2015 жылы 94,4%, оның ішінде аса ауыр қылмыстардың ашылуы 100,0% құраған.

Қоғамдық қауіпсіздіктің алдын алу бойынша, жол жүру ережесін, қылмыстың алдын алу және балалар қауіпсіздігін сақтау үшін қала көшелеріне 1 бағдаршам, 6 бейне-бақылау қондырғылары  және 4 жасанды жол кедергілері орнатылды.