ӘКІМНІҢ ҚҰТТЫҚТАУЛАРЫ


Арыс қаласының әкімі М.Қадырбектің Наурыз мерекесінде сөйлейтін сөзі.

Өтетін орны:       Әл-Фараби алаңы
Өтетін күні:            22.03.2018 жыл
сағат 11-00

 

Құрметті Арыстықтар! 
Ардақты ағайын!
 

Халқымыз Ұлы күнге балаған, жыл басы санаған жасампаз Наурыз – бірлік пен береке мерекесі.

Баршаңызды осы ұлағатты мерекемен Арыс қаласы әкімдігі және өз атымнан шын жүректен құттықтаймын!

Дастарханға ақ толатын, елімізге бақ қонатын бүгінгі арайлы шақты халқымыз Ұлыстың ұлы күні деп ұлықтаған.

Күн мен түнді теңеген, іргемізді ізгілікке бөлеген Әз-Наурыз бүкіл адамзатқа шаттық сыйлайды.

         Жыл басы Наурызбен бірге ызғарлы қыстың орнын шуақты көктем басып, тіршілік қайта түлейді.

         Бұл күні адамдар бұлақ көзін ашып, ағаш еккен, жоқ-жітікке жәрдемдескен.

         Алыс кеткен ағайын қауышқан, араз жандар татуласып, қайта табысқан.

         Сондықтан түсінікті ту етіп, елді бірлік пен ынтымаққа, адамгершілік пен имандылыққа үндейтін Наурыз мерекесінің татулығы жарасқан еліміз үшін маңызы ерекше.

         Қадірлі қауым!

Дін мен тілге бөлмейтін Наурыз мейрамы Тәуелсіздік жылдары ұлысымызды ұйыстыра түсті.

Бүгінде ол үш күн бойы тойланатын еліміздегі ең үлкен мереке.

Ұлы өркениетіміздентамыр тартқан Ұлыстың ұлы күні ай мен күндей, әлемге бірдей адамзаттың ортақ қазынасына айналды.

Біріккен ұлттар ұйымының Наурызды халықаралық мереке ретінде қабылдауы да сондықтан.

Әз-Наурыз Отанға деген шынайы сүйіспеншілікті – мемлекеттік сананы орнықтырды.

Сондықтан біз басты байлығымыз – берекелі бірлігімізді көздің қарашығындай сақтауымыз керек.

Елдік рухы мықты халықтың бақыты қашанда баянды болады. Сондықтан осындай игі дәстүрді ұрпақ бойына молынан сіңіруге тиіспіз.

Қабырғалы қалпын, салиқалы салтын сақтаған еліміз Тәуелсіздіктің алғашқы 27 жылын толайым табыспен аяқтады.

Тарих үшін қысқа мерзімде Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сарабдал саясатының нәтижесінде елімізде ұланғайыр істер атқарылуда.

Осы жылдар ішінде ел экономикасы еселеніп өсіп, іргелі ел, жоралы жұрт қатарына қосылдық.

Мәдени мұрамызды түгендеп, ұлттық сананы нығайттық.

Қандастарымызды атамекенге жинадық.

Бақ құсы ынтымақты елге қонады, бейбіт елде ғана береке болады.

Біз Қазақстан халқының ынтымағын сақтап, айнымас ауыз бірлігімізді бекемдей түстік.

Ағымдағы жылы бас қаламыз - Астана қаласының 20 жылдығын, 5 қараша – Қазақстан Республикасы Президентінің «Болашақ» халықаралық стипендияларын белгілеу туралы қаулысына 25 жыл және 15 қараша – Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы Теңгенің айналымға енгеніне 25 жыл толғанын атап өтеміз.

Осының бәрі Тәуелсіздіктің арқасында жүзеге асуда. Алдымызда ұлан асулар, биік белестер тұр.

Мақсатымыз – айқын, бағдарымыз – анық.

Қадірменді көпшілік!

Халқымыз қашанда жаңа жылдан жақсылық күтіп, келер күннен үмітін үзбеген.

Бүгінін болашағымен байланыстырып, бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген.

Сондықтан, тіршілік жаңаратын Наурызда әр адам жақсылыққа ниет етуі тиіс.

Даласындай дархан халқымыз бүгінде Тәңірі берген табиғи жаңа жылын айрықша салтанатпен қарсы алуда.

Ендеше, жаңа жылды ізгі ниетпен қарсы алайық, ағайын!

Әз-Наурыздағы барша тілектеріңіз қабыл болсын!

Әр шаңыраққа Қыдыр қонып, бақ дарысын!

Тауық жылы береке-бірлігімен келсін!

 

Ұлыс оң болсын!

Ақ мол болсын!

Мереке құтты болсын!


 

Документы: 
ЖАРИЯЛАНҒАНЫ: 
20.03.2018-12:00:00