МӘСЛИХАТ ХАТШЫСЫ



Байтанаев Амантай Алтынбекұлы

Арыс қалалық мәслихатының № 9 Сырдария

сайлау округінен сайланған

Арыс қалалық мәслихат хатшысы

1970 жылы 11 ақпанда Арыс қаласында дүниеге келді. 1987 жылы С.М. Киров атындағы орта мектепті бітіріп, сол жылы Арыстағы жол-техникалық мектебіне тепловоз машинистінің көмекшісі мамандығы бойынша мамандық игерді. 1988 жылы локомотив депосына тепловоз машинистінің көмекшісі болып орналасты. 1988-1990 жылдары КСРО қарулы күштері қатарында әскери борышын өтеді.

1996 жылы Алматы теміржол инженерлері институтын тәмамдап, инженер-электро-механик маманы болып шықты. 2012 жылы Оңтүстік Қазақстан педагогика университетін педагогика және психология мамандығы бойынша бітірді. 1993-1998 жылдары Арыс қаласындағы №17 кәсіптік-техникалық мектебінде оқу-өндіріс шебері болып қызмет жасады. 1998-2012 жылдары Арыс қаласындағы теміржол колледжінің директоры лауазымын иеленді. 2012-2016 жылдары «Арыс қаласының білім бөлімі» мемлекеттік мекемесінің басшысы болды.

Амантай Алтынбекұлы Арыс қалалық мәслихатының IV шақырылымына депутат болып сайланды. 2010 -2011 жылдары “Нұр Отан” ХДП Арыс қалалық филиалы партиялық бақылау комиссиясының төрағасы болды. «ҚР білім беру ісінің Құрметті қызметкері», Кеңес Одағының Батыры, армия генералы С.Нұрмағанбетовтың мерейтойлық, «Қазақстан мәслихаттарына 20 жыл» мерекелік медальдарымен, екі рет ҚР Президентінің, үш мәрте ОҚО білім басқармасының Алғыс хатымен, Білім және ғылым министрлігінің және Арыс қалалық мәслихатының Құрмет грамоталарымен марапатталған.

2016 жылдың 25 – наурызынан бастап Арыс қалалық мәслихатының хатшысы болып сайланды.

Отбасылы. Жұбайы екеуі 2 ұл, 2 қыз тәрбиелеуде.

Мәслихаттың хатшысы

1. Мәслихаттың хатшысы тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн лауазымды адам болып табылады. Оны мәслихат сессиясында депутаттардың арасынан ашық немесе жасырын дауыс беру арқылы депутаттар жалпы санының көпшiлiк даусымен мәслихат сайлайды және қызметтен босатады. Мәслихаттың хатшысы мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiне сайланады.

2. Мәслихат хатшысы лауазымына кандидатураларды мәслихат депутаттары мәслихат сессиясында ұсынады.

3. Мәслихат хатшысы:

1) мәслихат сессиясын және оның қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеудi ұйымдастырады, хаттама жасалуын қамтамасыз етедi және сессия төрағасымен бiрге мәслихат сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген шешiмдерге, өзге де құжаттарға қол қояды;

2) мәслихат депутаттарының өз өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына жәрдемдеседi, оларды қажеттi ақпаратпен қамтамасыз етедi, депутаттарды мәслихат сессияларына, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының жұмысына және сайлау округтерiндегi жұмысқа қатысуы үшiн қызметтiк мiндеттерiн орындаудан босатуға байланысты мәселелердi қарайды;

3) депутаттар сауалдарының және депутаттық өтiнiштердiң қаралуын бақылайды;

4) мәслихат аппаратының қызметiне басшылық жасайды, оның қызметшiлерiн қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

5) сайлаушылар өтiнiштерi туралы және олар бойынша қабылданған шаралар туралы мәслихатқа ұдайы ақпарат берiп отырады;

6) мәслихаттың өзге де жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен өзара iс-қимылын ұйымдастырады;

7) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады;

8) мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдарының және депутаттық топтардың қызметiн үйлестiредi;

9) мемлекеттiк органдармен, ұйымдармен, жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарымен және қоғамдық бiрлестiктермен қарым-қатынастарда мәслихат атынан өкiл болады;

10) мәслихат шешiмдерiнiң жариялануын қамтамасыз етедi, олардың орындалуына бақылау жасау жөнiндегi iс-шараларды белгiлейдi;

11) мәслихат шешiмi бойынша өзге де мiндеттердi орындайды.

3-1. Облыс, республикалық маңызы бар қала, астана мәслихатының хатшысы тиiстi мәслихаттың қарауына облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың тексеру комиссиясының төрағасы қызметiне тағайындауға кандидатураларды, сондай-ақ оны қызметтен босату туралы ұсыныс енгiзедi.

4. Мәслихат хатшысының мәслихаттың тұрақты комиссияларында болуға құқығы жоқ.

5. Мәслихаттың хатшысы болмаған кезде оның өкiлеттiгiн мәслихат сессиясы төрағасының шешiмi бойынша мәслихат тұрақты комиссияларының бiрiнiң төрағасы немесе мәслихат депутаты уақытша жүзеге асырады.  


  

ЖАРИЯЛАНҒАНЫ: 
17.01.2016-12:00:00
ЖАҢАРТЫЛҒАНЫ: 
09.11.2016-12:00:00