ЫРЫСЫ МОЛ - АЛТЫН КҮЗ



Халқымызда «Еңбек етпесең елге өкпелеме, егін екпесең жерге өкпелеме» деген нақыл сөз бар.

Елдің де, жердің де атақ абыройын еңбек адамдары шығаратындығы белгілі. Нағыз еңбек адамы елдің баянды бағы.

Еңбегінің жемісін көріп отырған қаламыздың еңбек озаттары да Елбасының тапсырмалары мен мемлекеттік бағдарламаларын іске асыру мақсатында тынымсыз және тыңғылықты жұмыстар жүргізіп, өзіндік жақсы көрсеткіштерімен қарсы алуда.

Осы орайда, бүгін дәстүрге айналған «Алтын күз» жәрмеңкесі орталық Әл-Фараби алаңында ұйымдастырылды.

Қала әкімінің орынбасары Е.Ақтаев, зиялы қауым өкілдері шаруалардың өндірген өнімдерімен танысып, жәрмеңкені аралап, тұтынушылармен жүздесті.

Аталған жәрмеңкеде ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, ауыл еңбеккерлері өндірген өнімдерден ұлттық тағамдар әзірленді.

Жәрмеңке қалалық мәдениет үйінде салтанатты жиынға ұласты.

Салтанатты шара барысында шаһар басшысының орынбасары Е.Ақтаев мерекеге орай тұрғындарға ізгі тілегін білдіріп, Елбасының тапсырмаларымен мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда, қаламыздың жаңарып, гүлденуіне, әлеуметтік экономикалық дамуына ерекше үлес қосқан азаматтарға, еліміздің ен байлығын тасқындатуға ерен еңбектің үлгісін көрсеткен дала еңбеккерлеріне «Еңбек даңқы» белгісімен, «Алғыс хат» және «Құрмет грамотасымен» марапаттап, бағалы сыйлықтар табыс етті.

Ауыл шаруашылығы өнімін өндіруде жоғары нәтиже көрсеткені үшін «Алтын күз-2018» жеңімпазы Қожатоғай ауылдық округ әкімдігіне су жаңа «Нива» автокөлігінің кілті салтанатты түрде табыс етті.

Арыс аспанын әнге бөлеген мереке одан әрі концерттік бағдарламаға ұласып, қаламыздың әншілері жиналған қауымға өнер көрсетіп, ән-биден шашу шашты.

 

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі.


 

ЖАРИЯЛАНҒАНЫ: 
09.11.2018-12:00:00