ЖАЗУШЫ-ДРАМАТУРГ Д.ИСАБЕКОВТЫҢ КІТАПХАНАСЫ АШЫЛДЫ



Бүгін Жаңатұрмыс ауылында қоғам қайраткері, жазушы-драматург Дулат Исабеков кітапханасының ашылу салтанаты өтті.

Салтанатты жиынды ашқан Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ұласбек Сәдібеков облыс әкімі Жансейіт Түймебаевтың сыйлығын тапсырып, құттықтау хатын оқып берді.

Кітапхананың ашылу салтанатында ҚР Жазушылар одағының мүшелері, елімізге танымал ақын-жазушылар мен зиялы қауым өкілдері сөз сөйлеп, заңғар қаламгерді қуанышымен құттықтады. Атап айтсақ, Еркінбек Тұрысов, Бексұлтан Нұржекеев, Мархабат Байғұт, Құлбек Ергөбек, Қасымхан Бегманов, Қазыбек Иса және өзге де қаламгерлер сөз сөйледі. Кітапхана әрі мұражай ретінде салынған үйде Дулат Исабековтың кітаптары мен түрлі марапаттары, өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін заттар қойылған. Жазушының жұмыс істейтін және демалатын бөлмелері де талапқа сай. Сонымен қатар, қазақ және әлем жазушылары мен ақындарының кітаптары бар. Жалпы саны 2500 кітапты жазушының өзі тарту еткен. Алдағы уақытта бұл кітапхана әлемнің әдебиет жауҺарларымен толығады.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы шеңберінде қолға алынған іс-шараға ел ағалары мен оқырман қауым ризашылығын білдірді.

Жиын соңында Дулат Исабеков өзіне құрмет көрсеткен жерлестері мен оқырман қауымға, облыс басшылығына алғысын айтып, қазақ әдебиетіне үлес қоса беретінін жеткізді.

Осы шығармашылық үйінде түрлі шығармаларын жалғастыратынын айтты. Салтанатты шарада Арыс қаласы өнерпаздары әннен шашу шашып, еңбектері Лондонды мойындатқан жазушыға құрмет көрсетті.

Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі.


 

ЖАРИЯЛАНҒАНЫ: 
10.08.2018-12:00:00